Қоғам

Вице-министр оңтүстік тұрғындары солтүстікке үдере көшіп жатқанын айтты

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде халықтың қоныс аударуы салдарынан кадр тапшылығы сезіліп жатыр, олардың орнын оңтүстік тұрғындары басуы мүмкін
Sputnik

АСТАНА, 4 сәуір — Sputnik. Еліміздің солтүстігінде жұмысқа тұрғысы келетін оңтүстік тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. 2018 жылы рекордты көрсеткішке жетуі мүмкін. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев мәлімдеді. 

Ел ішінде қоныс аударатын бойдақ қыз-жігіттерге мемлекет қолдау көрсетеді

"Биыл қоныс аударғандар саны артып жатқанын айта кету керек. Өйткені солтүстікте жұмысқа орналасқысы келетіндердің қатары көбейіп келеді. Шартты түрде айтқанда, биыл рекордты көрсеткішке жетеміз. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке 9 мыңға тарта адамды көшіруді жоспарлап отырмыз", — деді Әлтаев Астанадағы брифингте.     

Ол еліміздің солтүстігінде көшіп келген адамдардың мамандығы бойынша бос жұмыс орындары бар болғандықтан еңбекпен қамту мәселесі қиындық тудырмайтынын атап өтті.  

"Солтүстік өңірлерде мамандар өте тапшы. Өйткені солтүстік облыстардан Астанаға немесе Ресейдің кейбір өңірлеріне кетіп жатқандар көп"— деді вице-министр.

Оның айтуынша, солтүстіктен оңтүстікке қайта қоныс аударғандар саны өте аз, өйткені көпшілігі отбасымен қалып, көшіп кетуді жоспарлап отырған жоқ.   

Бұдан бұрын еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова өткен жылы оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған 19 адам қайта олралғанын хабарлаған еді.