АСТАНА, 2 сәуір — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысында 20 жастағы жігіт кісі өлтіргені үшін 11 жылға сотталды, деп хабарлады ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.
Өткен жылдың тамызында Арыс АІІБ-нің кезекші бөліміне тұрғын үйлердің бірінен мәйіт табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған полицейлер ер азаматтың мәйітін тауып алды. Ол жергілікті тұрғын екені белгілі болды.
Жедел-тергеу тобы 20 жастағы жігіт танысымен ішімдік ішіп отырып жанжалдасып қалғанын, салдарынан оның басынан темір затпен бірнеше рет ұрып, өлтіріп қойғанын, қылмысын жасыру мақсатында айғақ заттардың көзін жойып, мәйітті жасырмақ болғанын анықтады.
Otyrar.kz сайтының мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Арыс ҚІІБ Криминальдық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті тұлға "ізін суытпай" ұсталды. Ол Арыс қаласының 1998 жылы туған тұрғыны Петр Ананьев екені анықталды.
Соттың шешімімен 20 жастағы Петр Ананьев адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды.