Қоғам

Вице-министр Қазақстанда қанша студент жатақханаға мұқтаж екенін айтты

Қазіргі таңда республиканың оқу орындарында 530 мыңдай адам оқиды
Sputnik

АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Елбасының тапсырмасына сәйкес 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сүлейменов бес бастаманы іске асыру бойынша жол картасын таныстырды

"Бүгінде еліміздегі 530 мың студенттің 204 мыңы басқа қалалардан келіп оқып жүр. Студенттердің 38 пайызы жатақханадағы орындарға мұқтаж. Болжам бойынша, бізге 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салу керек", — деді Асылова.  

Вице-министрдің ақпаратынша, Астана, Алматы және Қарағандыда жатақхана орындарының тапшылығы басқа өңірлермен салыстырғанда жоғары. 

"Жатақхана салу схемасы қалай жұмыс істейді? Ең алдымен жоғары оқу орны банкке барып, кредит алады. Кейін конкурс жариялайды. Жатақхана салады. Ғимаратты пайдалануға беру туралы актіні алған кезде мемлекет құрылысқа кеткен шығынды біртіндеп қайтара бастайды",  — деп түсіндірді министрдің орынбасары. 

Айта кетсек, ҚР президенті өзінің бес әлеуметтік бастамасында жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын көтеру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.