Өңірлер

Семейді су басуына не себеп болды?

Шүлбі су қоймасынан жіберілген су мөлшері жөнінде қала және облыс әкімдіктері бейхабар болған
Sputnik

АСТАНА, 30 наурыз — Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов шұғыл жиналыс өткізіп, Семейдегі су тасқынына не себеп болғанын түсіндірді.

Семейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

28 наурыз күні Шүлбі су электр станциясында жіберілген су деңгейі үш есеге, яғни 501 метр кубтан секундына 1800 метр кубқа дейін көтерілген. Соның салдарынан Семейдегі Түйемойнақ аралындағы 10 үйді су басты. Қазір Бесқарағай ауданында 11 ауылдық округке қауіп төніп отыр. 

Бүгін ШҚО әкімі Даниал Ахметов су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы уақтылы мониторинг жүргізбегенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, тәуліктік орташа су жіберу мөлшерін көтеру мәселесі не облыстық, не қалалық әкімдікке хабарланбаған екен. Аталған дерек бойынша прокуратура тексеруді бастады.   

Даниал Ахметов үш есе артық көлемде су жіберу туралы шешімді жергілікті атқарушы органмен келісуді жөн көрмеген инспекцияның ісін қатал сынға алды. 

"Үш тәулік бойы бізге түсініксіз жағдайда өте көп мөлшерде су жіберіліп жатыр. Су қоймасы таудың етегінде орналасса, түсінер едім. Су ешқайда кетпей, сонда барып ағады деп. Бірақ, ол жазық аумақта орналасқан. Наурыздың 11-нен екі күн бойы толассыз жаңбыр жауып, күн райы жылынғанын білесіздер. Сол кезден бастап неге су жіберілмеді?!", — дейді өңір басшысы.

Айта кетейік, қазір де азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдай жөніндегі қызметтер әкімдердің басшылығымен қауіпті аймақтарда жұмыс істеп жатыр. Семейде арнайы комиссия құрылып, алғашқы тасқынның салдары есептеледі.