Әлем

Кемероводағы қайғылы оқиға: сауда орталығының иесі ұсталды

Сауда орталығының қызметкерлері өрт қауіпсіздігі жүйесіндегі ақауларға қанша рет шағымданса да, басшылық құлағына ілмеген
Sputnik

АСТАНА, 30 наурыз — Sputnik. Кемеровода жойқын өрт болған "Зимняя вишня" сауда орталығының иесі әрі компанияның бас директоры Юлия Богданова ұсталды, деп хабарлайды РИА Новости РФ Тергеу комитетінің өкілі Светлана Петренкоға сілтеме жасап.

Кемероводағы өрт: із-түзсіз жоғалған үш адам аман-есен табылды

"Кемеровский кондитерский комбинат" ААҚ бас директоры Юлия Богданова ұсталды. 25 наурызда жойқын өрт шығып, адамдар қаза тапқан сауда орталығының ғимараты осы кәсіпорынға тиесілі болған", — делінген хабарламада.

Тергеу анықтағандай, ұсталған азаматша өрт қауіпсіздігіне жауапты екен. Қол астындағы қызметкерлер өрт қауіпсіздігі жүйесіндегі ақауларға қанша рет шағым айтқанымен, оған қатысты ешқандай шара қолданылмаған.

Тергеушілер Богданованың үйін тінтіп шықты, жуырда оған өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамауы салдарынан екі немесе одан да көп тұлғаның қаза табуы бабы бойынша айып тағылады.

"Зимняя вишня" сауда орталығында 25 наурыз күні жойқын өрт шығып, салдарынан 64 адам қаза тапты, олардың 41-і балалар болған.