Қоғам

Депутаттар мен министрлер ұсынған кітаптардан онлайн-кітапхана жасақталады

Қазақстандық жастар ең қызықты кітаптарды электронды түрде оқуға мүмкіндік алады
Sputnik

АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Қазақстанда саясаткерлердің кеңесімен жиналған кітаптардан онлайн-кітапхана құрылады. Тың жобаны "Жас Отан" партиясы жүзеге асырады. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Жас Отан" жастар қанатының IV съезінің қорытынды күнінде сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев елімізде жастар үшін ең үздік кітаптар іріктелген онлайн кітапхана құрылатынын атап өтті. 

Назарбаев жасотандықтарға: сендер мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар

"Жас Отан" елдегі құндылықтар жүйесін ілгерілетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаны іске қосуы керек. Атап айтсақ, "Жас Отан кітапхана" жобасы. Мұнда әртүрлі тілде түрлі бағыттағы үздік кітаптар топтастырылады. Кітапханада қазақстандық саясаткерлер, министрлер, депутаттар мен сарапшылар ұсынған кітаптар болады. Жастар оларды электронды түрде оқи алады", — деді Әшімбаев. 

Оның айтуынша, осы жоба аясында жастар әлемдік экономика мен саясат туралы кітаптар мен зерттеулерді үнемі талқылап, пікір таластырады. 

"Жасотандықтар мұндай кітаптарды оқуы тиіс. Осындай маңызды дүниелерді жазатын авторлардан үлгі алып, мағлұмат алып отыруы керек", — деп толықтырды "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. 

Сондай-ақ жасотандықтар республикадағы кітапханаларды заманауи білім алу орталықтарына айналдыруды ұсынды. 

"Яғни, "Жас Отан" қазіргі кітапханаларды жастардың басы қосылып, өзекті проблемаларды талқылайтын, пікір таластырып, авторлық фильмдерді таныстыратын заманауи білім орталықтарына айналдырғысы келеді. Ғалымдар сол жерге барып, жас өрендерді өздерінің ғылыми жаңалығымен таныстыруына мүмкіндік алар еді деп ойлаймын. Бүкіл өңірде кітапханалардың базасында осындай орталықтар құруға болады. Бұл "Жас Отанның" "Рухани жаңғыру" аясындағы идеясы. Съезден кейін осы идеяны жүзеге асырып көрейік", — деді Әшімбаев.