Қоғам

Жабық ғимаратта өрт шықса, аман қалудың жолдары қандай?

Кемерово қаласындағы сауда орталығында болған өрт Ресейдің ғана емес, біздегі шенеуніктер мен халыққа да қоғамдық орындардың қауіпсіздігі туралы ой салғаны рас.
Sputnik

АСТАНА, 29 наурыз — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Ондаған сәби мен ересек адам қаза тапқан Ресейдің Кемерово қаласындағы ірі өрттен кейін Қазақстан азаматтары әлеуметтік желі арқылы әрбір қаладағы барлық сауда орнын, мектеп пен балабақшаны, емхана мен адам көп жиналатын өзге де қоғамдық орындарды тексеру керек деген талап қойды. 

Кемероводағы өрт: 2 қызынан айырылған әке жабық кинозалдың ішінде не болғанын айтты

Әлеуметтің бұл талабын алғашқы болып орындаған — Астана қаласының әкімдігі. Ал, кәсіпкерлер арасында ойын-сауын орынданың қауіпсіздігіне алаң танытқан алғашқы адам – "Mega" сауда орындары желісінің иесі Нұрлан Смағұлов. 

Бірақ, қоғамдық нысандардағы өрт қауіпсіздігі шараларын бір күнде тексере салу мүмкін емес. Сондықтан, тиісті орындардың есебі мен заң бұзған тараптарды енді естиміз. Ал, әзірге, адам аяғы азаймайтын қоғамдық орындарда өрт шыға қалса, қалай құтқарылу керек екенін зерттеп, ең керек кеңестерді жинадық. 

Бір қабаттағы өрт бүкіл ғимаратты 5 минутта шарпып кете алады

ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің дерегіне сүйенсек, осы заманның биік ғимараттарындағы өрт басталған қабаттан жоғарғы қабаттарға бар-жоғы 5-6 минутта тарап кетеді екен. 

Қазіргі биік ғимараттарда өрт саты торлары, лифт шахталары мен коммуникация каналдары арқылы тарайды. Комитеттің анықтағанындай, биік ғимараттарда өрт басталған бес минуттан кейін саты торларындағы температура 120-140 градусқа жетеді. 

Қазақстан бойынша "аса қауіпті" 32 мың ғимарат бар

Қазақстан бойынша азаматтық қорғаныс органдарының тізімінде 142 мыңға жуық нысан бар. Соның ішінде 106 мыңға жуық нысан бизнестікі, 35 мыңнан астамы мемлекеттің меншігінде. Бұлардың арасында өрт болу қаупі жоғары нысандар саны 32 мыңнан асады. 

Төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратына сүйенсек, осы 142 мың ғимаратты кез келген уақытта тексеруге заң тыйым салған. Тек "аса қауіпті" 32 мың ғимарат қана жыл сайын тексеруге жатады. Ал, халықтан шағым, прокуратурадан бұйрық түссе ғана тексерілетін нысандар саны 110 мыңға жуықтап отыр. 

Өртте қалған адам көбіне күйіп емес, тұншығып өледі 

Құтқарушылардың айтуынша, өрт кезінде ажал құшқандардың көбі күйіп емес, түтінге тұншығып өледі. Өйткені, қызыл жалыннан қарағанда түтін бүкіл ғимаратты тез басып алады. Сондықтан, әрбір ғимараттың сатысында түтінді азайтатын арнайы желдеткіштер орнатылу керек және ол желдеткіштер қашықтықтан арнайы тетікті басқан кезде іске қосылуы тиіс. 

Осы түтінге тұншығып қалмау үшін не істеу керек?

Өрт кезінде газ бен түтіннен қорғайтын маска ешкімнің де қол астынан табыла қоймасы анық. Бірақ, сіздің үстіңіздегі киім мен су осы масканың орнын алмастыра алады. Яғни, тұншықпау үшін ауыз бен мұрынды дымқыл шүберекпен басып алу керек. Сондықтан, ең бірінші үстіңіздегі жұқа киімдерді шешіп алып, жақын маңнан су іздеңіз. Әрбір киімді жеке-жеке сулап алып, мықтап ұстаңыз. Бірі түтінге батқан кезде екіншісімен тыныстап отырасыз. 

Су жоқ болса қайтпексіз?

Ресейдегі "Стоп угроза" қозғалысының жетекшісі Лия Шарованың осы сұраққа қатысты кеңесі қазір желіні шарлап жүр. Балалардың қауіпсіздігін сақтау саласында тренингтер өткізіп тұратын Лия Шарова қызыл жалында су табылмаса, адам  киіміне, болмаса мойын орағышына зәрін сындырып сол арқылы дем алу керек дейді. 

Қарағанды тұрғыны өрт кезінде екі баланы балконнан тастап жіберді

Оның үстіне, ғылыми тұрғыда суға қарағанда, адамның несебі түтінді жақсы сіңіріп алады екен. Лия Шарова бұл ережені балаларға үнемі айтып отыру керек деген пікірде және адам өмірін сақтап қалу үшін мұндай ақыл-кеңес айту еш ұят емес дейді. 

Түтінге тұншықпаудың тағы бір амалы – терезе. Түтін арасынан терезе іздеуге тырысып, көзіңізге бұлыңғырлап көрінсе, бірден сол жаққа еңбектеп барып терезені ашыңыз және айқайлап көмекке шақырыңыз. Құтқарушылар да биік саты арқылы сізді терезеден тез шығарып ала алады. Бірақ, есіңізде болсын, 10 метр жер көрінбейтін аумаққа жоламаңыз. 

Шоқ тез шарпитын киімнен құтылыңыз 

Өрт шыққан кезде балаңыз бен өзіңіздің үстіңіздегі синтетикалық киімдерді шешіп тастау керек. Тағы да сол су, қолжетім жерде су көрінсе үсті-басыңызды сулап алыңыз. Осы қалпы шығатын жол іздеу керек.

Адамдар тобынан қалмау керек

Егер өрт шыққан жерден адамдар бірін-бірі итере, топтасып қашса, алдыңыздағы адамның иығынан ұстап алу керек. Басқа амал жоқ. Жалпы, бұл ережені өзгелерге де айтқан дұрыс. Адамдар бір-бірінің иығынан тіреп, жүгірсе, тез қашады, ал итеріссе, біреу құлап, қалғандары да сол құрсауда қалады. 

Ал, оңаша жерде қалсаңыз жүгіріп емес, еңбектеп, жер бауырлап қозғалыңыз. Бұл ережелерді балаларға да үйретіп, артыңыздан ертіп жүру керек.

Өрттен қорғанатын бірден бір жер – ғимарат шатыры 

Егер өрт төменнен жоғарыға қарай жалындап жатса, онда ғимараттың шатырына қарай жүгіңіріз. Қызыл жалын төменгі қабаттан басталғанын көрген құтқарушылар адамдарды шатырдан іздейді.