Қоғам

Министр жезөкшелерді қамшымен сабаған рэперге кеңес берді

Танымал рэпер Жан Ахмадиев бейнебаянында қамшымен жол бойында тұрған түнгі көбелектерді сабаған
Sputnik

АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңіл жүрісті қыздарды қамшымен сабаған белгілі рэпер Жан Ахмадиевтің бейнеклипіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жезөкшелерді қамшымен сабаған: полиция рэпер Ахмадиевтің видеосын тексеріп жатыр

"Егер біз барлық жағдайды жасағанда, ол қыздар көшеде тұрмайтын еді. Біз, керісінше, олардың өз мамандықтарымен айналысуына көмектесуіміз керек. Мұндай жағдайдың көпшілікке тарағаны өкінішті-ақ әрине. Мүмкін ол (рэпер – автор ескерп.) өзінің атын шығарғысы келген шығар. Оның орнына сол қыздарға жақсы жұмыс тауып берсін, жағдай жасасын", — деп кеңес берді министр "Жас Отан" жастар қанатының IV съезінен кейін. 

Мұхамедиұлы рэперді жазалау-жазаламау құқық қорғау органдарының құзыретіндегі мәселе екенін атап өтті. 

"Мен азамат ретінде мүлде қолдамаймын", — деді министр. 

Еске салып өтсек, "Қазақпыз ғой" YouTube-арнасында "жезөкшелерді қамшымен қуып жүрген" рэпердің видеосы жарияланды. Бейнежазбада Жан Ахмадиев қаланы аралап жүріп, жолдың шетінде тұрған жезөкшелермен сөйлеседі. Әңгіме барысында ол кенеттен қамшы алып шығып, қыздардың бірін сабай бастайды.