Әлем

Кемеровода қаза болғандардың нақты санын білу үшін тұрғындар мәйітханаларды тексерді

Тұрғындар ресми деректерге сенбей, өрттен қаза болғандардың саны әлдеқайда көп деп отыр
Sputnik

АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. "Зимняя вишня" сауда орталығындағы трагедиядан кейін Кемерово тұрғындары мәйітханаларды тексеруге жіберген ынталы топ митингке шыққандарға жағдайды айтып, есеп берді, деп хабарлайды РИА Новости. 

Кемероводағы жойқын өрттен қаза тапқандардың туыстары оқиғаның мән-жайын айтты

Митингке шыққан тұрғындар Кемерово мэрі Илья Середюктен сауда орталығындағы өрттен қаза болғандардың санын азайтпай, нақты санын айтуды талап етті. Өз кезегінде қала басшысы белсенділерді мәйітханаларға жіберуді ұсынды. Содан митингтің ең белсенді онға жуық қатысушысын әкімшіліктің автобусына отырғызып, тексеруге жіберген.

"Жаңа ғана мәйітханада болдық, санап шықтық. Қаза болғандардың тізімін қарап шықтым. Бүкіл бөлме, дәретхана, жертөле, шатыр, гараж, көліктер – бәрін тексердік. Тізім бойынша қарадық, тізімде 64 адам болды", — деді тексеруші топтың ішінде болған тұрғындардың бірі. 

Наразылық танытып, дауыстай бастағандарға ол: "Тұра тұрыңыздар, біз сіздер секілдіміз, бізді өздеріңіз жіберген жоқсыздар ма?!", — деді. 

Қаланың орталығындағы митинг бес сағаттан бері жүріп жатыр. 

Кемеровода "Зимняя вишня" төрт қабатты сауда орталығында жексенбі алапат өрт шықты. 64 адам қаза болды, олардың ішінде балалар көп. 13 адам ауруханада жатыр. Осы оқиғаға қатысты бірнеше адам ұсталды.