АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев шет тілдерін оқыту курстарының қолжетімділігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың белсенді жұмысын жандандыру қажет. Сонымен қатар өзге тілдерді оқытып, үйрететін оқу курстарының қолжетімділігін арттыру, оның ішінде интернет, арнайы ақпарат ресурстары арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы", — деді Сағынтаев.
Премьер-министр тілдерді үйрену мен қолдануға, арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлініп отырғанын айтты.
"Екіншіден, қазақ тілін латын графикасына көшіруді іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Бұл туралы Арыстанбек Мұхамедиұлы да (мәдениет және спорт министрі – ред.ескертп.) айтып өтті. Әліпбиді кезең-кезеңімен көшіру туралы тиісті іс-шаралар бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік ұйым мен органға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын", — деді үкімет басшысы.