АСТАНА, 26 наурыз — Sputnik. Бүгін прокуратураның алдына жылап келген ана буындырып адам өлтіріп алған баласына жеңілдік сұрады, деп жазады aktobenews.kz
Айтуынша, баласы бұл әрекетке отбасын қорғау үшін барған.
"Балам 20 күннен бері аштық жариялап отыр. Соттың келесі отырысына дейін шыдамауы мүмкін. Баламды күні-түні уайымдап, өмір сүргім келмей кетті. Балама «адам ұрлап өлтірді» деп жала жабылып жатыр. Ол біздің отбасын өлтіргісі келген адамдардан қорғанды. Сол күні түңгі сағат үште біз ұйықтап жаттық. Аулада ит үргесін сыртқа бәріміз жүгіріп шықтық. Қаруланып алған бес адам аулаға кірген. Балам солардың бірін ұстап алып, жертөлеге қамап қойды. Ертеңіне мені уайымдамасын деп бөтен жаққа алып кетті. Кешкісін "Мама, мен ана баланы өлтірдім" деп келіп тұр. Балам ол балаларды танымайды. Ойылдың бес баласы екен. Бізді өлтіру үшін келгендерін өздері айтқан",- дейді Алмагүл Жұланова.
Оқиға 2017 жылдың 8 наурызында тіркелген. Адам ұрлығы, адам өлімі секілді бес бірдей баппен жауапқа тартылып жатқан 33 жастағы Нұрислан Жұлановқа қатысты іс бойынша сот тыңдауы жүріп жатыр. Сотталушының туыстары прокурорлардың істі қайта қарауын сұрайды.
"Мен бас прокурордың іске араласуын сұраймын. Егер арызым қараусыз қалатын болса, прокуратураның алдында өзімді жағып жіберемін. Қазіргі уақытта осы іске қатысты менің жолдасым да қамауда отыр",-дейді Алмагүл Жұланова.
Аулаға қарақшы түскенде полиция шақырмай, өзі жазаламақ болған жігіттің әкесі де істі болған. Ол ауласынан ұстап алған жігітті буындырып өлтірген.
"Іс сотта қаралып жатыр. Бұл кісі алдымызға келгесін шығып тұрмыз. Қазіргі уақытта бұл кісінің арызын қабылдаймыз. Іс сотқа жеткеннен кейін шағымды сотта түсіру керек",-деді прокурор Жасұлан Орынбасарұлы.