Қазір адамдар жанымнан дұға оқымай өтеді – сал ауруын жеңген қыздың әңгімесі

Меруертке сонау бала кезінде ешқашан жүре алмайды, тұра алмайды, сөйлей алмайды деген диагноз қойылған. Алайда ол табандылығының арқасында бұл кеселді жеңіп шықты
Sputnik

АСТАНА, 26 наурыз — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат.  Меруерт Тілебалды бала кезінде сал ауруына шалдыққан. Сол кезде дәрігер ата-анасына "балалар үйіне тапсыра салыңыздар" деп ақыл айтыпты. Бірақ, әке-шешесі қаршадай қыздарының ертең-ақ жазылып кететініне сенген және сол жолда көп қиындықты бастан кешірген. Кореядағы Паралимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларына қолдау білдірген  рухы биік Меруертпен Ыстамбұл әуежайында сөйлескен едік. Ол АҚШ-қа бара жатқандықтан уақыт өте тығыз болды, дегенмен басты сұрақтарымызға толық жауап беріп, мамыр айында елге оралған соң, арқаны кеңге салып сұхбат беремін деп уәде етті. 

Қазір Меруерт – ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінде спорт жөніндегі менеджер. Білімі – жоғары. КИМЭП-тің "экономика" факультетін тәмамдаған. Енді, АҚШ-та оқып келмекші.  

– Меруерт, ең алдымен Сізді шын жүректен құттықтағым келіп отыр, сіз Америкамен арадағы  Global Sports Mentoring Program on Disability Rights атты білім алмасу бағдарламасын жеңіп алыпсыз. Көпшілік бейхабар болғандықтан, осы бағдарлама туралы толығырақ айтып берсеңіз. Оқуыңыз қанша уақытқа созылады?

– GSMP бағдарламасы, яғни, спорттағы жаһандық тәлімгерлік бағдарламасы – бұл АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мен ESPN (Американың кабельдік спорт телеарнасы – авт.) бірлесе әзірлеген бастама. Бұл бағдарлама екі негізгі бағыттан тұрады. Яғни, бірінші бағыт – "Қоғамдастықтарға арналған спорт", ал екіншісі спорт арқылы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту (Sport for Community and Empower Women through Sports) бағыты. 

Бұл бес апталық тәлімгерлік бағдарлама халықаралық делегаттардың мүмкіндіктерін кеңейте отырып, олардың өз отанындағы спортқа үлес қосуын мақсат тұтады. 2012 жылдан бері Теннесси университетінің Спорт, бейбітшілік және қоғам орталығы АҚШ-тың Мемлекеттік департаментімен ынтымақтастық орнатқан. 2017 жылдан бері мен айтқан "Қоғамдастықтарға арналған спорт" бағыты АҚШ-та адам құқықтарын қорғап, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өзгелермен тең өмір сүруі үшін жағдай жасап келеді. Осы "Қоғамдастықтарға арналған спорт" бағдарламасында АҚШ-тағы беделді ұйымдардың лауазымды адамдары халықаралық делегаттарды мүгедектерге арналған спорт секторымен таныстырады. Тәлімгерлік бағдарлама болған соң, бізді, яғни, халықаралық делегаттарды қабылдайтын ұйым мен тәлімгерлер делегациядағы көшбасшыларға Американың спортындағы басқаруды, жүйелі іс-әрекет орнатудың қыр-сырын үйретеді. Ал, біз америкалық әріптестерімізге өз еліміздегі жағдайды, мүмкіндігі шектеулі адамдардың алдынан шығатын қиындықтарды айтып және сол қиындықтармен қалай күресіп жүргенімізді үйретеміз. 

Ал, бұл тәлімгерлік бағдарлама әлем бойынша барынша ұзақ уақыт жұмыс істеп, нәтижесін беруі үшін әрбір делегат өз тәлімгерімен бірге стратегиялық жоспар әзірлейді де еліне оралған соң сол жоспарды іске асыруға міндеттеледі. Бұндағы мақсат – мүгедек адамдардың спортқа етене араласып, қоғамда, мансапта өзге адамдармен тең дәрежеге жетуі үшін жағдай жасау. Қорыта айтсам, бұл бағдарлама спорттағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды шабыттандырып, әлемдік бір жүйе қалыптастыруға бағытталған. 

Ал, оқуым бүгін басталады және айтқанымдай, бес аптаға жалғасады. 

Сал ауруын жеңген Меруерт Тілебалды

– Сіз Қазақстанның Паралимпиада комитетінде жұмыс істейсіз. Жоғары білімді, жан-жақты және тәжірибелі мамансыз. Жазбаларыңыздың бірінде "адамдардың "сау" мен "сырқат" деп бөлетін ойын мәңгіге жойғым келеді" деген екенсіз. Комитеттегі жұмысыңыз осы арманыңызға жеткізді ме?

– Мені аяқ-қолы сау қызметкерлермен қатар қойып, қатар бағалайтындай деңгейге жеттім. Жалпы, менің ойымша, мүгедек адам өзін аямай еңбек етуі керек. Әрине, мен жаныңды жеп, қолдан келмейтін дүниелерді істе демеймін. Тек, ең алдымен өзіңді басқалармен тең дәрежеде ұстап, соған талпынсаң, халық та сондай көзқарас танытады. Менің жұмыс орным өте ыңғайлы, Паралимпиада комитетінің ғимараты мүгедек қызметкерлерге арналған халықаралық шарттардың бәрін сақтай отырып, салынған. Оның үстіне, бізді үйімізден әкетіп, жұмыстан соң жеткізіп тастайтын көлік бар дегендей. Бұл үшін, әрине, мен Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитетіне алғыс айтамын. Сондықтан, "мүгедекпін" деп, тағдырға налып отыратын жайым жоқ. Мен өз білімімнің, тынбай еңбек еткенімнің арқасында осы дәрежеге жеттім. 

– Меруерт, өкінішке қарай, Қазақстанда сал болып туатын балалар саны көбейіп кетті. Сіз қазір 28 жастасыз, дегенмен, бала кезде жан-жағыңыздағы адамдардың саусақпен шұқып көрсеткен кездері санаңызда әлі сақталып тұрған шығар. Солай болғанын өзіңіз де айтып, жазып жүрсіз. Бірақ, осы жылдар ішінде қоғамдағы сал балаларға деген көзқарас өзгерді ме, қалай ойлайсыз?

– Міне, бес жылдай болды, маған көшедегі жұрт саусағымен нұқып көрсетіп, жанымнан өтіп бара жатқанда "Алла сақтасын" деп, дұғасын оқымай өтеді. Ал, бұрын көңіліме тиетін сәттер көп болды ғой. Бұны тек сабырмен жеңе аласыз… Ең бастысы, өзіңнің мүгедек екеніңді іштей қабылдап, адамдарды да түсіне білу керек. Өйткені, көбі мүгедек адамды ренжітіп алмайын деп, үндемей тұра береді. Сондықтан, ең дұрысы қысылсаң да көмек сұрап, адамдарға расымен мүмкіндігің шектеулі екенін түсіндіре білу. Көп болса, бес минут қысыласыз, бірақ, көмек аласыз. Мысалы, маған көмек керек болса, мәселен, дала тайғанақ, ғимараттың сатысы биік болса, мен біреуден көмек күтемін. Қалған дүниелердің бәрін өзім жасап, өзім кіріп-шыға аламын. Ешкім көмектеспей жатса, өзім айтамын. Ал, біреулермен араласып, сөйлесіп кетсем, олар тіпті бір күн ішінде менің сал екенімді ұмытып да кетеді және бұл қалыпты жағдай. Әрине, жүріп-тұруы қиын, тіпті мүмкін емес науқастардың барын да білемін, түсінемін, және оларға сарқылмас сабыр мен үміттерінің үзілмеуін тілеймін. Үмітсіз шайтан деген…

– Сөз соңында Пхенчхан Паралимпиада ойындары туралы пікіріңізді сұрасақ. Оның үстіне Қазақстан тарихта тұңғыш рет алтын жүлдеге ие болды емес пе?!

– Спорт әлемін дүр сілкіндірдік деп осындайда айтуға болатын шығар. Бірнеше жыл бұрын спортшыларымыз паралимпиада ойындарына жүлдеден үміттенбей, кезекті бір халықаралық жаттығуға барғандай қатысатын еді. Ал қазір олар жан-жақтан қолдау көріп, жандарын салып еңбек етуге кірісті. Спортшыларымыз халықаралық оқу-жаттығуларға барып, халықаралық медициналық тексерістен өтіп жүр. Ұлттық құрамамыз толық жабдықталып, шетелден жаттықтырушылар алдыра бастадық. Биылғы жетістігімізге қарап, өзге елдердің спортшылары мен жаттықтырушылары бізден ақыл сұрай бастады. Біздің батырлар ел намысын қолдан берген жоқ, ал ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, мәдениет және спорт министрлігі, спорт басқармалары сияқты тараптар осы алтын медаль жолында көп еңбек етті. Ең бастысы, отандастарымыз Паралимпиада ойындарына қызыға бастап, спортшыларымызды демеу үшін Кореяға барды. Біздің спортшылар қатысқан әрбір жарыс кезінде "Қазақстан" деген ұран алыстан-ақ естіліп тұрды. Нағыз қолдау сол болды. Ал, осы қызу өмірдің арасында жүру мен үшін бақыт, Қазақстандағы паралимпиада қозғалысының осындай тарихын жазып жатқанымызға қуаныштымын. Қазақстанның пара-спортына титтей де болса үлес қосып жатқаным көңілге қуаныш ұялатады.  

– Сұхбатыңызға көп рақмет. Өзіңіз сияқты жандарға, әсіресе, сал балаларға мотивация сыйлап жүре беріңіз.