Әлем

Ғалымдар қатерлі ісіктен қорғанудың басты тәсілдерін атады

Салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар бұл дертке сирек шалдығады
Sputnik

АСТАНА, 25 наурыз – Sputnik. Ұлыбританияда Қатерлі ісікті зерттеу орталығының ғалымдары онкологиялық аурулардың пайда болуының басты себептерін анықтап, науқастар санын қалай төмендетуге болатынын айтты, деп хабарлайды РИА Новости.   

Eurekalert сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Ұлыбританияның өзінде жыл сайын қатерлі дертке шалдығатындардың үштен бірінен астамы, яғни 135,5 мыңнан астам адамның бұл дерттен "айналып өтуге" мүмкіндігі бар екен.

Қандай азық-түліктің сүт безінің қатерлі ісігіне шалдықтыратыны анықталды

Сонымен, адам баласы қатерлі ісіктің қандай түрлерінен қашып құтыла алады?  Ісіктің пайда болуының ең басты себебі ретінде темекі түтіні аталып отыр. Дертке шалдыққан ер адамдардың 17,7 процентіне, әйелдердің 12,4 процентіне осы фактор ықпал еткен. Екінші орында артық салмақ, үшінші орында күнге күю кезіндегі ультракүлгін сәулелердің шамадан тыс әсері тұр.  

Онкологиялық аурулардың пайда болу себептерінің қатарына алкоголь тұтыну, ауаның ластануы да қосылған. 

Ғалымдар осы әдеттерден арылып, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар арасында бұл дертке шалдығатындар аз болатынын атап өтті.  

"Салауатты өмір салты қатерлі ісікке шалдықпайтыныңызға кепілдік бермейді, алайда сізге мүмкіндік ұсынатыны сөзсіз. Бұл сандар аурудың пайда болу тәуекелін төмендету үшін әрқайсымыз шара қолдана алатынымызды көрсетіп отыр", — деп мәлімдеді орталық басшысы Харпал Кумар.