АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кейінгі кездері халық медицинасында қолданылып жүрген хиджама, яғни денеден қан алдыруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл қызмет медициналық қызмет түріне жатпайды, заң бойынша мемлекет тарапынан беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейді. Министрлік бақылайтын медициналық қызметтер тізіміне кірмегендіктен, мұны медициналық қызмет деп санамаймыз. Бірақ егер қоғамдық денсаулықты бақылау комитетіне ақпарат келсе, заң бойынша тиісті шаралар қабылдаймыз", — деді министр.
Айта кетсек, хиджама – емдік мақсатта қолданылатын, ағзадан қан алдырудың бір жолы. Оны дененің кез келген жеріне жасауға болады. Бірақ, көбіне хиджаманы желкеге, жауырынның ортасына жасайды. Бұл әдіс Ислам елдерінде қолданылады.