АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Дәрігерлердің айтуынша, Бішкек тұрғыны Жеңісбек Қасымовтың 6 ай ғана өмірі қалған. "Тазалық" кәсіпорнында жұмыс істейтін жігіт қауіпті ауру – бауыр альвеококкозына (қазақ “бауыр құрт” деп те атаған) шалдығыпты.
Sputnik Қырғызстан агенттігінің хабарлауынша, екі жыл бұрын Бішкек хиругтері Жеңісбектің ағзасынан паразиттерді алып тастамақ болған, алайда одан түк шықпапты – олар қан тамырларына кіріп алған. Осы жағдайдан кейін дәрі-дәрмекпен емделген.
Қасымов алты жылдан бері Бішкекте қоқыс тазалаушы болып жұмыс істейді, жалақысы 25 мың сомнан аспайды. Қымбат операцияны жасатуға отбасының мүмкіндігі жоқ. Оның әйелі мен үш баласы бар: үлкені төртінші сыныпта оқиды, қызы үште, ал кіші ұлы жақында алты айға толыпты.
"Тіпті үйімді де сата алмаймын: ипотекаға алғанымызға бір жыл ғана болды. Әйелім жұмыс істемейді, балалар кішкентай. Ал мен қазір денсаулығыма байланысты демалыстамын… Операцияға ақша тауып үлгермейтінімді ойласам, қатты қорқамын", — деп шынын айтты Жеңісбек.
"Тазалық" қызметкерлері Қасымовтың шотына жалақысының бір бөлігін аударған – 6 мың доллар жиналды. Тағы 4 мыңды қайырымды жандар берген. Егер қажетті соманы жинаса, Airmanas әуе компаниясы Жеңісбекті тегін апарып-алып келуге келісіп отыр екен.