АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Бүгін Астанада ҚР жеңіл атлетика федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиын барысында федерацияның жаңа президенті болып Даниал Кенжетайұлы Ахметов сайланды, деп хабарлайды ҚР ҰОК сайты.
Кезектен тыс конференцияның күн тәртібінде екі мәселе қаралды: жеңіл атлетика федерациясын бұған дейін басқарған Әділбек Жақсыбековтің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату және федерацияның жаңа президентін сайлау.
Осылайша, Атқару комитеті мүшелерінің бірауызды шешімімен Әділбек Жақсыбековтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның орнына президент болып Даниал Ахметов сайланды.
"Маған сенім білдіргендеріңізге рахмет! Әділбек Рыскелдіұлы басқарған бір жылдың ішінде аз шаруа атқарылған жоқ. Енді сол бастамаларды ары қарай жалғастырып, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын дамытуға тырысамыз. Алдымызға қойған мақсаттарымыз өте көп. Ең алдымен спорттық инфрақұрылымды жетілдіруді көздейміз. Жақын уақытта жеңіл атлетикаға бейімі бар барлық өңір әкімдерімен кездесіп, сол аймақтардың жеңіл атлетика спортын дамыту жолдарын қарастырамыз. Соның ішінде, келесі жылы Семейде Ұлттық құрамалар базасы дайын болады", — Ахметов.
Сондай-ақ, кезектен тыс конференцияда ҚР Жеңіл атлетика федерациясы атқару комитетінің жаңа мүшелері бекітіліп, Әділбек Жақсыбеков атқару комитетінің құрамына енді.