АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстанда құтқарушылар Күршім ауданында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметі.
"Қатты жауын-шашын мен өзен суының аңғарынан асуына байланысты Күршім мен Топтерек ауылдарын қосатын көпірді су алып кетті. Елді мекенді су басу қаупі жоқ, алайда Топтерек ауылына уақытша көлік қатынасы үзіліп қалды", — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазір жол жабық. Көпір мен Топтерек ауылының арасы төрт шақырымдай жер. Оқиға орнында өткел салынған. Құтқарушылар жергілікті полиция және аудан әкімшілігімен бірге қайықпен ауылға азық-түлік жеткізіп және адамдарды тасымалдап жатыр.