Экономика

Сағынтаев жаңа ипотекалық бағдарламаға жауаптыларды бекітті

Мемлекет басшысы "7-20-25" жаңа ипотекалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді
Sputnik

АСТАНА, 6 наурыз— Sputnik. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі – жаңа ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Назарбаев жаңа тұрғын үй бағдарламасын ұсынды
"Бірінші бастама — әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Бұл үшін Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық "7-20-25" бағдарламасын дайындайтын болады. Оның негізгі шарты, Елбасы атап көрсеткендей, несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен, бастапқы жарнасы 20 проценттен аспайтын болады. Несие мерзімі 25 жылға дейін", — деді Сағынтаев бүгін үкімет отырысында.

Үкімет басшысы атап өткендей, жаңа бағдарлама көптеген қазақстандық үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. 

"Инвестициялар және даму, ұлттық экономика, қаржы министрліктері мен "Бәйтерек" холдингі аталған жұмыстарға кірісуі тиіс. Жаңа ипотекалық бағарламаны іске асыру тұрғын үй құрылысына және оған жақын салалардың жұмысына тың серпін береді. Сондықтан бұған отандық құрылыс материалдарын өндіруші команияларды белсенді түрде тарту керек. Ипотекалық бағдарлама бойынша жауаптылар — Ұлттық банк, үкімет тарапынан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.  Асқар Ұзақбайұлы (премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин) сіздің бақылауыңызда", — деді үкімет басшысы. 

Айта кетсек, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «"Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуін жариялады.