АСТАНА, 2 наурыз — Sputnik. Қазақстан энергетика министрлігі вице-министр Ғани Сәдібеков пен қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбековтің ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, энергетика вице-министрі ірі көлемде қаражат қымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.
"Министрлік жүргізіліп жатқан жедел шараларға қатысты нақты ақпарат білмейтінін мәлімдейді. Мәселе толығымен әділетті түрде шешілуі үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жан-жақты көмек көрсетіліп, сұратылған материалдар еш кедергісіз ұсынылып отыр", — деп пікір білдірді ведомство.
Энергетика министрлігі құзыретті органдар нақты шешім шығармайынша қандай да бір дәйексіз қорытынды айту орынсыз деп санайды.
Дегенмен, ведомство атап өткендей, министрлік өз қызметінде елдегі жемқорлыққа қарсы күрес шараларына жүгініп, оның кез келген түрін қатаң айыптайды.