Қоғам

Тоқаев: жихадты насихаттайтын радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды

Оның айтуынша, Қазақстан бүкіл күрделі экономикалық-саяси, оның ішінде, басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда
Sputnik

АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев теріс діни ағымдарды насихаттап жүрген радикалды топтар ислам әлемінің дамуын тежеуге итермелеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам – елімізде діннің мәдениетін, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Қазіргі таңда 2,5 мыңнан астам мешіт жұмыс істейді, халықтың 75 пайызын ислам дінін ұстанушылар құрайды. Бүгінгі күні еліміз бүкіл әлем мемлекеттері сияқты күрделі экономикалық-саяси, оның ішінде, басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда. Жаһандану, әлемтану ұстанымдарының жаңаруы тарихи уақыт көшінің қарқынымен жеделдей түсуі – сенім мен діни құндылықтардың алатын орнын қайта бағалауды  қажет етіп отыр", — деді сенат төрағасы Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында. 

Тоқаевтың айтуынша, қазір әлемде исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын радикалды күштердің алға шығуы жиіледі.

Бас мүфти: қандай жағдай болса да, дінді саясаттың құралына айыналдырмау керек

"Жихад идеяларын насихаттайтын, экстремизм мен лаңкестік жолымен жүретін радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың барлық тарихи кезеңде барша дін өкілімен диалогқа дайын болғанын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған. Ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеп жатыр", — деді ол. 

Тоқаев ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет екенін атап өтті.

"Меніңше, бұл қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі. Себебі қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеті кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалымен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық әрі моральдық әдістерді іздестіруді талап етеді", — деп түйіндеді ол.