Қоғам

Астана әкімінің халықпен кездесуі айғай-шумен өтті

"Азбука жилья" компаниясының ашынған үлескерлері қала әкіміне тыныш есеп беруге мүмкіндік берген жоқ
Sputnik

АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Бүгін елорда әкімі Әсет Исекешевтің халыққа есеп беру кездесуі өте "қызу" өтті. Кездесуде "Азбука жилья" компаниясының үлескерлері әкімнің орынбасары Сергей Хорошунның отставкаға кетуін талап етіп, шу көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Астана әкімі баспана бағасы қанша екенін айтты

Әсет Исекешевтің баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауап бөліміне келгенде, балкон жақтан ашынған тұрғындардың айғайы естілді. "Азбука жилья" компаниясының үлескерлері қолдарына плакат алып, әкім орынбасары Сергей Хорошунның отставкаға кетуін талап еткен. 

Ашынған үлескерлер әкім мен оның орынбасарының жауабына да қанағаттанбады. Қала басшысы оларды жеке қабылдап, бұл мәселені шешуге дайын екенін айтқанымен, тұрғындарды тыныштандыра алмады. Модератор шараны ұйымдастырушылардан айғайлап отырғандарды залдан шығаруды сұрады. 

"Әріптестер, басқа тұрғындарды да сыйлаңыздар. Сіздер онсыз да әр апта сайын бізде айғайлайсыздар", — деді әкім. 

Кейін Исекешев құрылыс мәселесіне жауапты бірінші орынбасары Сергей Хорошунның жауабын тыңдады. Дегенмен екі шенеуніктің де жауабы баспанасына қол жеткізе алмай жүрген тұрғындардың көңілінен шықпады.