Өңірлер

СҚО әкімі Наурызда киіз үйлерді жауып қоюға тыйым салды

Құмар Ақсақалов Наурыз мейрамында киiз үйлердің iшiн безендiрiп, салт-дәстүрлерiмiздi паш етуді тапсырды
Sputnik

АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik.  Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң отырысында Наурыз мерекесiне дайындық барысы талқыланды. Биыл Наурыз мейрамы Петропавл қаласының жаңа орталық алаңында тойланатын болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Қазақстандықтар Наурыз мейрамын қалай тойлайды
Қазақстан Конституциясы көшесi бойында 12 киiз үйден құралған этноауыл бой көтередi. Мейрам қонақтарына тегiн Наурыз көже, палау, бауырсақтар және шай ұсынылады. Алғаш рет Әз Наурызды аудандардың көмегiнсiз тойлау туралы шешiм қабылданды. Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов аудан әкiмдерi Наурыз мерекесiн өз ауданының тұрғындарымен қарсы алу керек дейдi.

"Жыл сайын аудан әкiмi бастаған делегациялар концерттiк бағдарламамен келетiн едi. Аудан әкiмдерi мейрам кезiнде өз орындарында болу керек. Мейрамды өз күшiмiзбен өткiзе аламыз", — дедi өңiр басшысы.

Облыс әкiмi Наурыз мейрамын тойлау кезiнде киiз үйлерде жабық ас беруге тыйым салды.

"Бiз киiз үйлердi жауып, онда тамақ беремiз. Халықтың көкейінде оның iшiнде кiмге тамақ берiп жатыр деген сұрақ туындайды. Онда көп балалы аналарға, ардагерлерге, мүгедектерге тамақ берiлетiн. Оларға мерекенiң қарсаңында ұйымдарда мерекелiк шараларды ұйымдастыру керек. Киiз үйлер ашық болуы тиiс, оның iшi тиiсiнше безендiрiлiп, бiздiң салт-дәстүрлерiмiздi барынша паш ету қажет. Киiз үйдi таңертең қойып, кешке жинап жатады. Киiз үйлер барлық мереке күні жұмыс iстеуі керек", — деп атап өттi аймақ басшысы.

СҚО әкімі: қалада жердің бәрі 10 жыл бұрын сатылып кеткен
Былтыр облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың бастамасымен Наурыз мейрамы облыс орталығының аулаларында кеңiнен аталып өткен болатын. Биыл бұл дәстүр жалғасын табады. Қаладағы барлық ауланы мерекелiк шаралармен қамту керек дейдi облыс әкiмi.

Сондай-ақ басты мейрамға Ресейдiң көршiлес өңiрлерiнен қонақтар да шақырылады.