Қоғам

Астанада тілектерді орындайтын "сиқырлы" орындық пайда болды

Желтоқсан көшесі мен Абай даңғылы қиылысындағы скверге "сиқырлы" орындық қойылды
Sputnik

АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Астанада голланд суретшісі Винсент Ван Гогтың "Жұлдызды түн" картинасы бейнеленген ерекше орындық пайда болды.

Елордалық Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек таңғажайып орындықтың Желтоқсан көшесі мен Абай даңғылы қиылысындағы "Керей және Жәнібек хандар" скверінде орналасқанын хабарлады.

"Әлемдегі қалалардың барлығында дерлік, басты көрікті жерлермен қатар тұрғындар мен туристтер тілек айтатын орындар бар. Мұндай "сиқырлы жерлер" бүкіл қалаға ерекше сипат беріп, қиялшыл әрі арманшыл жандарды өзіне тартады. Біздің ауданымызда тілектерді орындайтын ерекше орындықтың пайда болғанын қуана хабарлаймыз", — деп жазды аудан әкімі Facebook парақшасында.

Орындықты "Индиго" бейнелеу өнері мектебінің оқушылары "Елорда тарихында атыңды қалдыр" қайырымдылық марафоны аясында орнатыпты.