Мәдениет

Астананың 20 жылдығы: елорда туралы телехикаяны 350 млн адам көреді

Биыл елімізде Астананың 20 жылдығына орай көптеген мәдени және спорттық іс-шаралар өтеді
Sputnik

АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай ресейлік арнамен бірлесіп түсірілген "Махаббат. Үміт. Астана" атты телехикая көрермендерге жол тартады. Аталған телеөнімді 350 миллионнан астам көрермен тамашаламақ. Бұл туралы ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Махаббат. Үміт. Астана" телехикаясы Ресейдің бірінші арнасымен бірлесіп түсірілген. Режиссері – Константин Эрнст.

Ақтауда 21 тұтқынға тосқауыл болған сарбаздың ерлігі фильмге арқау болды
"Астана күні қарсаңында ресейлік бірінші арнамен бірлесіп "Махаббат. Үміт. Астана" (Любовь. Надежда. Астана) телехикаясының тұсауы кесіледі. Режиссері – Константин Эрнст. Телехикаяда Астананың алғашқы күннен бастап бүгінге дейінгі қалыптасу жолы баяндалады. Сериал отандық арналарда, сондай-ақ ресейлік бірінші арнада көрсетіледі. Біздің болжамымыз бойынша, аталған туындыны 350 миллионнан астам адам тамашалайды", — деді Нұразхан ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Қазақстанда небәрі 18  миллион халық тұратынын ескерсек, 350 миллион көрермен қайдан келді деген орынды сұрақ туындайды. Журналистер департамент директорынан бұл цифрдың қайдан алынғанын сұрады.

"Адам санына қатысты жай айтқан жоқ. Телехикая ресейлік арнадан көрсетіледі. Константин Эрнстпен келіссөздер жүргізгенде, шетелдік компаниялармен келісімшарттар көп екенін, олар бұл фильмді трансляциялауға дайын екенін айтты. Мәселен, бұрынғы ТМД-ның өзінде, менің білуімше, халық саны 180 миллионға жуық, мына тұрған Ресейде 150 миллионнан асады. Сондықтан бұл санды аспаннан алып тұрған жоқпыз. Бәлкім одан да көп қарайтын шығар. Бұл әзірге бастапқы болжам", — деді ол.