Қоғам

Абаев апострофы жоқ латын әліпбиіне қатысты түсініктеме берді

Ақпарат және коммуникациялар министрі апострофы жоқ әліпби интернет дәуірінде өте ыңғайлы екенін атап өтті
Sputnik

АСТАНА, 20 ақпан — Sputnik. ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Назарбаев латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті
"Латын әліпбиін техникалық енгізу бойынша жұмыс тобы аясында үлкен жұмыс атқардық. Бұл бағытта істеген мамандарда бірқатар сұрақ туындады. Өйткені апострофты алып қарасақ, ол айырғыш сияқты арнайы белгі ретінде жүреді. Бұл белгілі бір алгоритмдерді, іздеу жүйелерін қиындатады", — деді Абаев журналистерге. 

Министрдің айтуынша, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев ІТ саласындағы мамандардың пікірін тыңдады. 

"Сіздер білесіздер, латын әліпбиіне көшуге қатысты мәселеге әртүрлі сала мамандары тартылып отыр. Барлығының пікірі тыңдалды. Менің ойымша, жаңа нұсқа бұрынғыға қарағанда тиімдірек әрі шығыны аз болады. Бұл мемлекет басшысының маңызды стратегиялық шешімдерді қабылдау кезінде жұртшылықтың пікіріне құлақ асатынын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Жаңа нұсқа әлдеқайда ыңғайлы деп ойлаймын", — деді министр. 

Айта кетсек, бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" жарлыққа өзгеріс енгізді. Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасында 32 таңба бар, онда апостроф қолданылмайды.