Қоғам

Алматыда ұсталған қырғыз депутаты қамауға алынды

Ол халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен тасымалдады деген күдікке ілінді
Sputnik

АСТАНА, 19 ақпан — Sputnik. Қазақстандық күш құрылымдары ұстаған Қырғызстанның үш азаматы екі ай мерзімге қамауға алынды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.  

"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2018 жылғы 17 ақпандағы қаулысымен Д. Асылбек уулу, Ч. Абакиров, У. Мурадиловке қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы санкцияланды", — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.    

Ұсталған Асылбек уулу Дамирбек 2015 жылы "Қырғызстан" парламенттік фракциясынан VI шақырылымдағы жогорку кенештің депутаты болып сайланған.  

Жаңа "Қорғас ісі": 35 адам ұсталды
Барлығы 17 адамға қатысты бұлтартпау шарасы санкцияланды, оның 14-і қазақстандық.   

15-16 ақпан күндері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция өткізді. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында 35 күдікті, олардың ішінде Қырғызстанның үш азаматы, кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Олар халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен тасымалдағаны анықталды.