Өңірлер

Адасқан жігіт дер кезінде теологтарды тыңдамағанына өкініп жүр

Жат ағымның жетегінде кеткен жігіт терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға сотталған
Sputnik

АСТАНА, 18 ақпан — Sputnik. "Шапағат" деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы, дінтану магистрі Серікжан Еншібайұлы "Атырау" газетіне берген сұхбатында адасқан жігіттің тағдыры жөнінде кеңінен айтып берді. 

Атырау облысында салафиттер "салық" жинаумен айналысқан
"Бастапқы кезде ол жігіт діни сауатын мешіттен ашады.  Кейін әлеуметтік желілер арқылы түрлі діни топтарға қосылып, уағыздарды тыңдай бастайды. Сөйтіп жүрген кезде ол әйелін, баласын алып, Ресей арқылы Сирия шекарасына өту туралы шешім қабылдайды. Жігітпен арада бірнеше рет жекелеген сұхбаттар құру нәтижесінде, оның діни білімінің төмен екендігі анықталды. Десе де, кейіпкеріміз кезінде Атырау қаласына қарасты Геолог елді мекеніндегі өзгеше ойлайтын топтың ішіндегі лидерлердің қатарында болған", — дейді дінтанушы.

Серікжан Еншібайұлы түрлі уағыздарға әбден уланған олар, уақыт өте келе мешітке келуді де доғарғанын атап өтті. Себебі, олар мешіт имамдары бидғатшы, яғни, дінге жаңалық енгізушілер деген пікірде болған. 

"Осылайша, үйді-үйге жиналып, өзара диалог құру кезінде бұл жігіт бірнеше адамды Сирияға кетуге үгіттеген. Базардың төңірегінде жүріп, біраз ақша жинаған жігіт Сирияға аттанып бара жатқан жерінен ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол дер кезінде теологтарды тыңдамағанына өкінеді. "Бар арманымыз Сирияға аттану болды. Ол кезде баланы да, әке-шешені де, отбасымызды да ойлаған жоқпыз. Сондықтан, Саид Бурятский, Дарын Мүбаров сияқты жалған ұстаздарды тыңдамауға шақырамын" дейді жігіттің өзі. Сол жігіт көп ұзамай бостандыққа шығады. Қазіргі кезде әйел-баласы оны күтіп отыр. Кезінде радикалды бағытта болған жұбайы да бүгінде дәстүрлі мәзһабқа оралды", — деп түйіндеді ол.