Қоғам

"Керуен" қасындағы жол апаты: жәбірленуші жүргізушіні түрмеге жабуды сұрады

Зардап шеккен қыз видеобайланыс арқылы сотта сөйлеген сөзінде жүргізушіні ең ауыр жазаға кесуді сұраған
Sputnik

АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik.  "Керуен" сауда және ойын-сауық орталығының жанында көлік астына түскен Әсел Рымханова сотта видеобайланыс арқылы сөйледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Сол күні "Керуеннен" шығып бара жатқанмын. Көлік қағып кетті. Бірден есімнен танып қалғанмын ғой. Адамдар бірдеңе сұрап жатты. Мен не болып жатқанын түсінбедім. Қазір бұғанам, жамбасым ауырады. Сол жақ аяғым да жаныма батып жүр. Операция жасату қажет. Осымен бес рет операция жасаттым", − деді Әсел Рымханова.

Рымханова соттан айыпты жүргізушіні ең ауыр жазаға кесуді сұрады.

Қасымов Әл-Фарабидегі жантүршігерлік жол апаты туралы: қылмыстық іс жабылды

"Молдағалиевті қоғамнан аластату керек, жасаған ісін түсініп, енді қайталамайтын болсын. Мені әдейі өлтіруге тырысты деуге болады. Жазбалардың бірінде шұңқырды айналып өтемін деп мені бар жылдамдықпен қаққаны көрініп тұр. Көліктің астына түскенмін. Ол болса әрі қарай кете барды! Көмектесуді ойлаған да жоқ. Молдағалиев сол жерде жатса, тірі қалмайтын еді", — дейді жәбірленуші. 

"Оны кешіретін ойым жоқ. Ұстамасы ұстап қалды дегенге сенбеймін. Олай болса рөлге отырып несі бар? Онымен сөйлескім келмейді, көмегінің де қажеті жоқ. Маған қарайласатын ата-анам бар", — деп ойын аяқтады ол.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың 12 қарашасында "Керуен" СОСО аумағындағы көлік тұрағында Infinity жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. 

Салдарынан үш қыз зардап шекті. Екеуі жеңіл-желпі жарақат алғанымен, 24 жастағы Әсел Рымханова ауыр хәлде ауруханаға жеткізіліп, бір аптадан соң ғана есін жиған.

Жүргізуші Болат Молдағалиев кінәсін жартылай ғана мойындады. Апат кезінде эпилепсия ұстамасы ұстап қалғанын алға тартады. Оқиғаның мән-жайы ер адамның есінде жоқ, бірақ апат орнын тастап кеткен жоқпын дейді. Молдағалиев Рымхановадан кешірім сұрап, емделу шығынын толығымен көтеріп алғысы келеді.