Экономика

Вице-министр қайта есептеу нәтижесінде базалық зейнетақының қаншаға өсетінін айтты

Базалық зейнетақыны қайта есептеу автоматты түрде жүргізіледі
Sputnik

АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik.  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қайта есептеу нәтижесінде базалық зейнетақының қаншаға өсетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"1 қаңтардан  ең төменгі зейнетақы мөлшері 49 019 теңгеге, зейнетақының орташа мөлшері 71 333 теңгеге жетті. Бірінші шілдеден базалық зейнетақыны белгілеу әдістемесі толығымен өзгеріп, оған сәйкес тек еңбек өтілі ғана емес, 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне төлем аудару кезеңі ескеріледі", — деді бүгін Жақыпова министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Елімізде қазір 2 140 113 зейнеткер бар.  Вице-министр олардың базалық зейнетақысын бір реттік қайта есептеу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Жақыпова зейнетақы көп болу үшін не істеу керектігін айтты

"Оның нәтижесі бойынша зейнеткерлердің 44 пайызының базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жүз пайызы мөлшерінде болады.  Ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74-тен 100 пайызы мөлшеріндегі базалық зейнетақыны зейнеткерлердің 44,5 пайызы алады", — деді ол. 

Барлық есеп автоматты түрде жасалады. Сондықтан зейнеткерлерге қосымша құжат тапсыру қажет болмайды.  

"Бұл үшін тиісті жұмыс жүргізілді. Барлық шаралар базалық зейнетақыны қайта есептеуді уақытында және сапалы жүргізуге мүмкіндік береді", — деді Жақыпова.