Экономика

Қазақстан интернет қолданушылары бойынша нешінші орында тұр?

2018 жылғы жоспар бойынша ақпарат және коммуникациялар министрлігі қолданушылар санын 78%-ға дейін жеткізбек
Sputnik

АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik. 2017 жылы интернет қолданушыларының саны бойынша Қазақстан бес сатыға көтеріліп, Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, 36-орынға тұрақтады. Бұл туралы ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген отырысында ведомство басшысы Дәурен Абаев айтты.

Абаев енді абоненттік номер "минусқа" кіріп кетпейтінін мәлімдеді

Интернетпен халықтың 77%-ы қамтылған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 4%-ға көбірек.

Биыл министрлік елді мекендерде оптикалық-талшықты байланыс желілері құрылысына кіріседі. Жоба 2020 жылға дейін аяқталып, 1249 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.

"Біріншіден, бұл жоба ауыл шаруашылығын цифрландыруға базис құрып, екіншіден ауыл тұрғындары мемлекеттік қызмет көрсетулер үшін аудан орталығына бармайтын болады. Үшіншіден, ауыл және қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтып, балалардың жаңа білімге, әдебиетке, онлайн дәрістерге қол жетімділігін арттырмақ.Төртіншіден, ауыл әкімдіктерін онлайн құжаттама жүргізу жүйесіне бейімдеуге мүмкіндік береді", — деп түсіндірді Дәурен Абаев.

2018 жылы АКМ интернет қолданушыларының үлесін 78%-ға дейін жеткізіп, IT-қызметтердегі жергілікті контент үлесін 26%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.