АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik. Астанада "Абу Даби Плаза" жұмысшыларын еңбекке орналастыру бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігі сайты.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 5 ақпанында Астана қалалық "Нұр Отан" партиясының филиалына "Абу Даби Плаза" нысаны құрылысының мердігерлік мекемесінің 62 жұмысшысы келіп шағымданды. Құрылысшылардың шағымдануына "World Monitoring" ЖШС, "Экспо Строй" ЖШС, "Казахстан Строй Техно" ЖШС, "Казинжиниринг провайдер" ЖШС мердігер мекемелерімен еңбек келісімшартының мерзімі бітуіне байланысты келісімді бұзуы себеп болған.
Қала әкімі Ә. Исекешев Астана қалалық "Нұр Отан" партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Сапаровтың төрағалығымен құрамында "Астана қаласы еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау" ММ, "Астана қаласы ішкі саясат басқармасы" ММ, прокуратура және Астана қалалық ІІД, "Атамекен" ҰКП, Астана қаласы кәсіподақ орталығы мен қоғамдастық бар жұмыс тобын құрды.
8 ақпан күні жұмыс тобымен Астана қалалық "Нұр Отан" партиясы филиалында мердігер мекеменің өкілдерімен және нысанның бұрынғы жұмысшыларымен кездесу өткізіліп, мердігер мекемелердің қызметкерлер алдында әлеуметтік жауапкершілік пен құқықтық қарым қатынасы талқыланды. Кездесудің нәтижесінде 4 мердігер мекеме атқарылған жұмыстардың спецификалық күрделілігі барын, сондай-ақ ауыр жұмыс кестесін ескеріп, бұрынғы қызметкерлерге ақшалай сыйақы беруді шешті. Кездесу барысында құрылысшыларға ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес құқықтарын түсіндірді және келесі жолы жұмысқа орналасар кезде олардың астаналық Жұмыспен қамту орталығына келіп, өзінің заңды мүддесін сақтау мақсатында еңбек келісім шартын бекітерде тегін заң кеңесін алуға болатынын айтты.
Одан басқа жұмысшыларды еңбекке орналастыру мақсатында 10 ақпанда Астана қалалық "Нұр Отан" партиясының филиалында Астанадағы құрылыс компанияларының басшыларын шақырып, бос орындарға жәрмеңке өткізді. Жәрмеңке нәтижесінде бос орынға 51 адам жұмыс берушілерге өтініш қалдырды. Ал "Абу Даби Плаза" нысанындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау шараларына қатысты субмердігер мекемелер жұмыс орнын жоспарлы түрде азайтпақ. Осыған байланысты жұмыс тобы жұмыстан босап қалғандарды еңбекке орналастыру бойынша кешенді жоспар әзірленуде.