АСТАНА, 12 ақпан— Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу облысында Ан-148 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы әуе апаты салдарынан адамдардың қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдаған.
"Қаза болғандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын", – делінген жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, Мәскеу түбінде "Саратов әуе желісінің" Ан-148 жолаушылар ұшағы құлады. Құлаған ұшақ Раменск ауданының аумағынан табылды.
Мəскеуден Орск қаласына ұшып шыққан ұшақ әуеге көтерілген соң екі минуттан кейін радардан жоғалып кеткен. Ұшақта 65 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған.