АСТАНА, 8 ақпан— Sputnik. Егер сіз Шымкентте тұрсаңыз, қоғамдық көлікпен жүру өте ыңғайлы және жанға жағымды. Диван орнатылған жергілікті автобустың жолаушылары осылай дейді.
Желі қолданушысы Гүл Советханқызы №60А бағдарында қатынайтын қоғамдық көліктердің біріне орындықтың орнына жұмсақ жиһаз қойылғанын хабарлады.
"Мұндай автобус қайда бар? Шымкентте, əрине! Автобус №60А бағдарында қатынайды. Иесіне респект! Жолаушылардың жағдайын ойлап, жанын түсінген осындай болар! Ұрпағыңмен мың жаса! Өмірімде алғаш рет қалаішілік автобуста рақаттанып отырмын", — деп жазды ол желідегі парақшасына.
Қаңтардың соңында жергілікті БАҚ облыста заманға сай көліктер жүретінін жазған болатын. Оңтүстік Қазақстан обылсының әкімі Жансейіт Түймебаев отандық және шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесіп, автобустарды жаңғырту жөнінде келісім жасаған.