АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қауіпті өнімдерді айналымнан алып тастау бағытындағы жұмысты жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сағынтаев техникалық реттеу мәселесі бұрыннан талқыланып келе жатқанын атап өтті. Айтуынша, бақылау функцияларын бір мемлекеттік органнан екіншісіне тапсыру ең оңай әдіс.
"Бақылау бір мемлекеттік органнан екіншісіне ауысса, жағдай өзгереді деген сөз емес. Ең алдымен, тиісті шараларды толығымен жүзеге асыру үшін не кедергі екенін түсіну керек. Неге бақыланбайды? Мүмкін кемшін тұстарын жетілдіру керек шығар. Басқа органға тапсырсақ, мұны да жан-жақты талдау керек. Абылай Исабекұлы (ҰКП басшысы – ред ескерт.) айтқандай, ақыр соңында бақылаушы органдар тарапынан бизнеске қысым күшеймей ме? Асқар Ұзақпайұлы (Мамин – бірінші вице-премьер) мұны мұқият қарау керек", — деп тапсырды Сағынтаев.