Өңірлер

Арқалық тұрғыны қаланы Дубайға айналдыруға уәде берді

Ол Қостанай облысының әкімінен екі миллиард теңге сұрады
Sputnik

АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Арқалық әкімі Амантай Балғариннің халыққа есеп беру кездесуінде қала тұрғыны өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтен екі миллиард теңге сұрады. Ол Арқалықты Дубайға айналдыруға уәде берді, деп жазды "Костанайские Новости".   

Қазақстанда жаңа қала бой көтереді
"Арқалыққа өте көп қаржы бөлініп жатыр, керемет. Алайда бұл ақша шенеуніктердің қалтасында кетпесе жақсы. Халық Кейкі батырдың сүйегін жерлеуге екі миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтып жүр. Сіз сол ақшаны маған беріңізші, мен Арқалықты Дубайға айналдырайын! Ешкімді айыптағым келмейді, алайда ақша желге ұшып жатқаны шындық", — деді әйел.

Қостанай облысының әкімі өз жауабында дәлел келтіруді сұрады. Егер нақты дәлелі болса, құқық қорғау органдарына хабарлауға кеңес берді.    

"Иә, Арқалыққа ақша бөлініп жатыр, алайда оның өзі жеткіліксіз. Араларыңыздан қаланы Дубайға айналдырамын дейтіндер табылып жатыр – мұның бәрі құр сөз. Қазір қала әкімі  20 минут сөйледі, әр теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндірді", — деді Архимед Мұхамбетов. 

Өңір басшысы Кейкі батырдың сүйегін жерлеуге бөлінген қаржыға тоқталып, салтанатты рәсімнің арқасында жолдар жөнделіп, су құбырлары тартылғанын еске салып өтті. Оның айтуынша, тұрғындар оларды қазір де пайдаланып жатыр, сондықтан ақша желге ұшқан жоқ.