Қоғам

Астана тұрғыны мешіт маңында дәрет сындырған автобус жүргізушісіне шағымданды

Жолаушы елордалық көлік компаниясынан автобус жүргізушілеріне дәрет сындыруға 10-15 минут уақыт беруді сұрады
Sputnik

АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Астана тұрғындарының бірі Пригородный елді мекеніндегі мешітке қарама-қарсы бетте дәрет сындырған №10 бағдардағы автобустың жүргізушісіне шағымданды.  

Далада үлкен дәретке отырған қарағандылық полицей жұмыстан қуылуы мүмкін
Ер адам "Астана LRT" компаниясының өкілдерінен автобус жүргізушілері кез келген жерде асығып-үсігіп дәрет сындырмау үшін оларға халықаралық әуежай аумағында 10-15 минут аялдауға мүмкіндік беруді сұрады.  

Sputnik Қазақстан тілшісіне "Астана LRT" компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаев түсіндіргендей, қалалықтардың шағымдары орынды және қазір жағдайды түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде қалада жүргізушілер тоқтайтын 43 пункт бар, олардың 50 процентке жуығы тамақтану және әжетхана бөлмелерімен жабдықталған.  

"Қоғамдық көлік қызметкеріне арналған қалған тоқтау пунктеріне қажетті жабдықтарды орнату үшін аудан әкімдіктерімен қызу жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл осы жұмысты аяқтау жоспарланып отыр", — деп хабарлады елордалық көлік компаниясының өкілі.

Көшеде үлкен дәретке отырған полицейді видеоға түсірген әріптесі де жұмыстан қуылды
Азанбаев әуежай маңындағы жағдайға түсініктеме бере отырып, әуежайда әжетхана бар екенін, бірақ жүргізушілердің кестесіне сәйкес, онда аялдауға уақыт жоқ екенін атап өтті. Өйткені жолаушылар автобусқа мініп алып, дереу жүруін талап ететін көрінеді.

Жүргізушілер мен кондукторлардың демалуына аталған бағдардың екінші соңғы аялдамасы – теміржол вокзалында уақыт қарастырылған, онда қызметкерлер 15-30 минут тыныға алады.  

"Әдетте, жүргізушілер 1,5 — 2,5 сағаттың ішінде бір айналып келеді, содан кейін соңғы аялдамада олар 15-30 минут үзіліс жасай алады. Уақыт кестеге байланысты, егер ол кешіксе, онда тұру уақыты қысқарады", — деп атап өтті "Астана LRT" ресми өкілі.