АСТАНА, 3 ақпан — Sputnik. 2018 жылы Амангелді Иманов көшесі толықтай қайта жөндеуден өтеді, деді Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев халықпен есептік кездесуі барысында. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау – Алматы әкімдігі аппаратының ең негізгі міндеттерінің бірі. 2018 жылы тек аула аумақтары ғана емес, көшелерді де абаттандыру жоспарлануда.
"Осы жылы Иманов көшесін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі және Ш. Уалиханов көшесінен Республика даңғылына дейін толығымен қайтадан жөндеп әрі жаңадан жарықтандырып, көгалдандыруды қолға аламыз, сәулеттік формасын ауыстырып, көшеде серуендеуге болатындай бульварға айналдырамыз", – деді Ә.Сәрсембаев.
Одан бөлек, Иманов пен Ш.Уалиханов көшесінің бұрышынан кішігірім гүлзар салу жоспарланып отыр.