Қоғам

Нәтиже бар: Екатерина Парафиева жаттығу кезіндегі видеосын жариялады

Екатерина күрделі жаттығуларды қалай жасап жүргенін айтты
Sputnik

АСТАНА, 3 ақпан — Sputnik. Алматыда жантүршігерлік апат салдарынан екі аяғынан айырылған Екатерина Парафиева спорттық жаттығуы кезіндегі видеосымен бөлісті.

"Бүгін сіздерге жаттығуымның бір бөлігін көрсеткім келеді. Әрине, жаттығуларды жасау оңай емес, өйткені көптеген кешендерде аяққа арналған тірек жоқ, бірақ әйтеуір бір амалын қылып жатырмыз, байлаймыз, бекітіп қоямыз немесе жаттықтырушы өз қолымен салмақ береді. Ол еңбектері үшін ерекше алғысымды айтамын", — деп жазды Парафиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

 

Ол ауруханада жатқан кезде, қандай әлсіз болғанын, қарапайым жаттығуларды әрең жасағанын еске алды.

"Ал қазір жарты жыл өтті, тұрақты жаттығулардың нәтижесі бар, бұл да мен үшін кішігірім жеңіс", — дейді Алматы тұрғыны.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы маусым айында Парафиева жол апаты салдарынан зардап шегіп, екі аяғынан айырылған болатын. Қазір сол оқиға бойынша сот ісі жүріп жатыр.

Ауыр жарақатына қарамастан, Екатерина жігерін арттырып, спортпен шұғылданады, оқырмандарына өз өміріндегі жаңалықтарын айтып отырады.