Экономика

Ақышев Елбасыға қаржы нарығындағы ахуал жақсара түскенін айтты

2017 жылы инфляция деңгейі 7,1 пайызды құрап, алтын-валюта қоры 30,7 миллиард долларға жеткен
Sputnik

АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  

Кездесу барысында Қазақстан президентіне Ұлттық банктің 2017 жылы атқарған жұмысының қорытындысы жөніндегі есебі ұсынылды.

Ақышев: валюта нарығындағы жағдай тұрақты
Данияр Ақышев Елбасыға Ұлттық банктің қазіргі қызметі, ақша-несие саясатының басты бағыттары, сондай-ақ еліміздің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады.

Ұлттық банк төрағасының есебіне сәйкес, 2017 жылы инфляция деңгейі 7,1 пайызды құрап, жыл соңында алтын-валюта қорының көлемі 30,7 миллиард АҚШ долларына жеткен.

– Қаңтар айында ахуал одан да жақсара түсті. Банк резервтері тағы 3 пайызға өсіп, 31,7 миллиард АҚШ долларына жетті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 58,3 миллиард АҚШ долларын құрады. 2018 жылғы қаңтарда инфляция деңгейі 0,6 пайыз болды. Бұл біздің биылға белгілеген – бестен жеті пайызға дейінгі аралықтағы жаңа өлшемімізге еніп отыр, – деді Д.Ақышев.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.