Қоғам

Шпекбаев "командамен ауысу" жайлы: кейбір басшылар әлі де өз адамдарын ертіп кетеді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылы атқарылған жұмысты қорытындылады
Sputnik

АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Мемлекеттік қызметте командамен ауысуға қатысты оң өзгерістерге қарамастан, кейбір басшылар өз адамдарын тартуды әлі де жалғастырып жүр. Бұл туралы бүгін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Шпекбаев сыбайлас жемқорлық қылмысын кімдер көп жасайтынын айтты

Алқа мәжілісінде агенттік төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары мен мүдделері тиісті деңгейде қорғалмай жүргеніне тоқталды. Айтуынша, жазалау мен ынталандыру арасындағы теңгерімді сақтау бойынша шектен шығу фактілері ұшырасады. 

"Біздің әріптестеріміз БАҚ пен жұртшылықтың, тексерушілер мен тікелей өз басшылығының қысымына ұшырап жатады. Командамен ауысуды қысқарту бойынша елеулі оң өзгерістерге қарамастан, кейбір басшылар әлі де өз адамдарын ертіп кетуді жалғастыруда. Бұл бірден жасалмайды, алайда бір жыл ішінде басқарушы құрамның толығымен ауысқанын байқайсың. Осыған байланысты мынаны айтқым келеді: егер мемлекеттік қызметкер ашық конкурс аясында қабылданса, онда ол өзіне жасалған қысымға шыдамай, лауазымын төмендетуге немесе өз еркімен жұмыстан кетуге көнбеуі тиіс. Менің ойымша, мұндай қадамға біліксіз немесе бір нәрсе бүлдірген қызметкерлер барады", — деді Шпекбаев.

Ол агенттік мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы мен мемлекеттік қызметкерлерді қорғауға ерекше ден қоятынын атап өтті. Оның айтуынша, қызметкерлердің әдеп ережелерін сақтау мәселесі де ведомствоның жіті бақылауында. 

"Әдеп ережелерін бұзған қызметкер қатаң жазаланады, тіпті жұмысынан шығарылуы  мүмкін. Мемлекеттік қызметте көргенсіздік пен дөрекілікке жол бермес үшін бәріміз бірігіп әрекет етуіміз керек. Бұл біздің қолымыздан келеді… Мемлекеттік қызметкерлерде азаматтарға қатысты дұрыстық, сыпайылық, мәдениет болуы керек деп ойлаймын", — деді ол.