Өңірлер

Шымкентте құлағы бетінде орналасқан балаға ота қажет

4 бала тәрбиелеп отырған ата-ана кенже ұлына ота жасату үшін қайырымды жандардан көмек сұрайды
Sputnik

АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Шымкентте бір жарым жастағы бүлдіршінге шұғыл ота қажет. Бүлдіршіннің сол құлағы бетінде орналасқан. Сәбидің ата-анасы перзентіне мүгедектік бойынша жәрдемақыны рәсімдей алмай әуре-сарсаңға түскен, деп хабарлайды tvk-uko.kz.

Елімізде белгісіз дертке шалдыққан балаларға ем табылмай отыр

Мамандар мұндай анықтаманы алу үшін 1,5 жастағы ұлға ақылы түрде ота жасату қажеттігін айтады. Алайда 4 бала тәрбиелеп отырған ата-ананың операция жасауға ақшасы жоқ. Сондықтан қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр.

Құлағы сол жоқ бетінде орналасқан Нышанбектің анасы перзентінің қиналғанын көріп күнделікті еріксіз көзіне жас алады. Бүлдіршін – отбасының төртінші, кенже баласы. 27 жастағы келіншек Нышанбекке аяғы ауыр болғанда, дәрігерлер баланың денсаулығында кінәрәт жоқ деген. Алайда Ордабасы ауданының тұрғыны босанған соң, туа біткен құлақ-ауыз кемістігі бар баласын көріп шошып кеткен. Әйгерімнің айтуынша, өзі мен жолдасының отбасында генетикалық ауытқушылық жоқ. Бауыр еті баласын ойлап қамыққан ана Нышанбекке Алматыға апарып ота жасатсам деп армандайды. Алайда отбасының ақылы операцияны қалтасы көтермейді. Өйткені отағасының бар жиған-тергені ауруханаға жиі түсетін науқас ұлының ем-домына жұмсалады.

Отбасы бұл қиындықты Алланың сынағы деп қабылдаған. Алайда перзентінің еміне мемлекет тарапынан қаражат бөлінсе екен дейді. Әйгерімнің айтуынша, мамандар ұлының атына мүгедектікке байланысты анықтама алу үшін оған ота жасату керектігін айтқан. Ата-ана 1,5 жастағы баласының аузын Шымкенттегі ауруханада тіктіргісі келіпті. Бірақ дәрігерлер отадан бас тартқан көрінеді. Тұрғынның сөзінше, ақ халаттылар бүлдіршін наркозды көтере алмай, қайта оянбауы мүмкін деген болжам жасаған.

"Нақты диагноз болғанда, ішкі құрылысында да зақым болуы мүмкін дейді. Квота туралы айтқанда, бірінші құжатты реттеп алыңдар дейді. Соған ақша жинап, міне шығамыз дегенде бала ауырып қалады. Сөйтіп ақша оның еміне жұмсалады", —дейді баланың анасы Әйгерім Әлімбаева.

Ал мүгедектікке байланысты анықтаманы алу үшін, алдымен, тіркелген емханадан арнайы бөлімге жолдама жіберілуі керек дейді мамандар. Дегенмен, бұл құжатқа қол жеткізу оңайға соқпайды. Өйткені заңға сәйкес, еңбекке жарамсыз болып танылған азаматтың емделуіне мемлекет тарапынан уақыт беріледі екен. Әр науқастың жағдайы жеке бақылаудан өтеді.

"Мүгедектікке байланысты анықтаманы алу үшін 0088 у формадағы жолдама қажет. Ол емханадан жіберіледі. Және комиссияда да қаралады. Ал мына жағдайдан хабарымыз жоқ. Өйткені бізге әлі жолдама жетпеді", — деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Марат Архаров.

Сауапты іс жасап, кішкентай Нышанбекке көмек көрсетем деушілер мына нөмірге хабарласа алады. 

8776-330-79-71 –  Нұрбол (Нышанбектің әкесінің нөмірі)

8-7252-56-16-32 – ТВК телеарнасы редакциясының нөмірі