Қоғам

Ауғанстанда қаза болған қазақстандық жер қойнына тапсырылды

Марқұмның туған-туыстарын алдап кеткен алаяқ табылған жоқ
Sputnik

АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik. Ауғанстанда қаза болған қазақстандық Ерлан Жампейісов туған жерінде жер қойнына тапсырылды. Оның мәйітін Қазақстанның ішкі істер министрлігі жеткізді.    

"Сенбі күні ақтық сапарға шығарып салдық. Министрлікке көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреміз", — деп хабарлады Sputnik Қазақстанға марқұмның әкесі Жүсіпберген Жампейісов. 

Ауғанстанда көз жұмған қазақстандық бизнеспен айналысқаны анықталды
Сонымен қатар, марқұмның туыстары алаяқтардан зардап шеккені белгілі болды. Мәйітті жеткізіп береміз деген адамдар 500 мың теңгені алып, уәдесін орындамай, із-түзсіз жоғалып кеткен. 

"Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына арыз жаздық. Әзірге ешқандай хабар жоқ. Тергеу қалай жүріп жатқанын білмейміз", — деді Жүсіпберген Жампейісов. 

 Естеріңізге сала кетейік, қаруланған содырлар Ауғанстандағы Intercontinental Hotel қонақ үйіне басып кірген болатын. БАҚ-тың мәліметінше, 18 сағатқа созылған шабуыл салдарынан кем дегенде 43 адам ажал құшқан. 126 адам құтқарылды, оның 41-і шетелдіктер.