АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik. Кенжекей Тоқтамұрат. Қазақстандықтар ұзақ жылдар бойы екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен ипотека алуға мәжбүр болып келді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ашылған соң халыққа едәуір жеңілдік жасалды. Әлеуметтің әртүрлі санаттарына арналған бағдарламалар қабылданып, ақшасы барлар да, бір жалақыға қарап отырған жас отбасылар да баспаналы бола бастады. Алайда былтырғы жылдың соңында бұл банк жекешелендіріледі деген ақпарат тарап, халық "енді бұл ұйым да ипотека пайызын көбейтіп, үй алу жолдарын қиындатады" деген болжамға келген еді. Sputnik.kz "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевпен сұхбаттасып, жұртты мазалаған осы мәселенің анық-қанығын және өзге де тың жаңалықтарды сұрап білді.
Банк жекешелендіріледі, бірақ бақылау пакеті мемлекеттің қолында қалады
Sputnik.kz: Өзіңіз білетіндей, 2017 жылдың соңында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов банк жекешелендірудің екінші кезеңіне кірген 60 нысанның бірі екенін айтқан болатын. Ал өткен аптадағы Үкімет отырысында "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжияқов банкті сатып алуға 200-ден астам қаржы ұйымы ниет білдірді деді. Бұл мәселеге қатысты ТҮҚЖБ басшылығы қандай пікір білдіре алады? Банк жекешелендіріле ме?
Жансұлтан Матаев: Иә, расымен "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жекешелендірілетін нысандар тізіміне енді. Бірақ банк акцияларының бақылау пакеті мемлекеттің иелігінде қала беретінін атап өту керек. Акциялардың тек миноритарлық бөлігі ғана сатылады деп жоспарлануда. Яғни, бір бөлігі ғана сатылуға шығарылады, бұл инвестордың банкті басқару ісіне тікелей қатысуын шектейді. Осылайша мемлекет негізгі акционер болып қала береді және банк барлық әлеуметтік функциясы мен міндетін сақтап қалады.
Оның үстіне Мемлекет басшысы өз жолдауында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімділігін ерекше атап өткен болатын. Бұл жүйе халық үшін баспананы қолжетімді етіп отыр. Қазіргі кезде банк іздестіріп жатқан стратегиялық серіктес осы бағыттағы жұмысты жақсартуға көмектеседі. Мұндай ұйым Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ары қарайғы сапалы дамуын қамтамасыз ететін, халықаралық тәжірибесі бар, осы салада маманданған, тұрақты қаржы институты болса екен дейміз. Бұдан, яғни жаңа инвестордың келуінен бірінші кезекте біздің клиенттер ұтады, себебі олар технологиялық тұрғыдан дамыған қызметті алып, ең тиімді деген өнімдерді пайдаланады.
"Салымшылардың алаңдауына негіз жоқ"
Sputnik.kz: Банк жекешелендірілген жағдайда депозиттер мен үй алу ережелеріне өзгеріс ене ме?
Жансұлтан Матаев: Ешқандай үлкен өзгеріс болмайды. Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыруын жалғастыра береді. Бұл жүйенің басты мақсаты – азаматтарға қаражат жинауды үйрету, оларға баспаналы болу үшін тиімді жолмен ақша жинап, қолжетімді займдар беру. Несиелендіру мөлшерлемелеріне қатысты қолданыстағы барлық жеңілдетілген шарт толық көлемде сақталады. Тағы бір маңызды дүние – инвестор келгенмен, бұл банк салымшыларына берілетін мемлекеттік сыйлықақыға еш ықпал етпейді. Өйткені, мемлекеттік сыйлықақыны төлеу нормалары "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заңда бекітілген.
Сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізгі оператор ретінде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуын жалғастырады. Бұл бағдарламаның аясында осы жылы банк салымшыларын 50 миллиард теңгеге несиелендіру жоспарланып отыр.
Тұрғын үйлер елдің барлық аймағында сатылады. Қазіргі уақытта 7 462 пәтер пайдалануға берілді және салымшылардың сатып алуына дайын тұр. Бұған қоса 2018 жылы тағы 16 938 пәтер салынады деп жоспарланып отыр.
Sputnik.kz: Банк салымшылары бұл жаңалыққа қатысты алаңдап отыр. Олардың алаңдауына негіз бар ма?
Жансұлтан Матаев: Жоқ, банк салымшыларында алаңдауға еш негіз жоқ. Олардың салымдары "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заңмен қорғалған және Депозиттерді кепілдендіру қорымен сақтандырылған.
Әскерилерге қандай шарттармен ипотека берілетіні қосымша хабарланады
Sputnik.kz: Банк биылдан бастап "Тұрғын үй қатынастары туралы заңға" енгізілген өзгерістерге сай, әскери азаматтарға үй беру бағдарламасына қатысатыны белгілі. Әскери адамдарға қандай шарттар бойынша үй беріледі? Осы заң қалай жұмыс істейтіні туралы толығырақ айтып берсеңіз.
Жансұлтан Матаев: Ия, 2018 жылдан бастап әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жаңа механизм бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Яғни, оларға тұрғын үй сатып алуға төлем жасала бастайды. Бұған дейін әскери қызметкерлер мемлекеттен үйді жалға алу үшін мақсатты ақшалай өтемақы алатын және оны тек пәтер жалдауға жұмсауға болатын еді.
Ай сайынғы тұрғын үй төлемдері әскери қызметкердің жеке арнайы шотында жиналып отырады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, әскери қызметкерлерге арналған арнайы өнім дайындауда. Әскери қызметкерлер мемлекеттен алатын тұрғын үй төлемдерін шот ашу және ҚТҚЖБ-дан жеңілдетілген тұрғын үй займын алу үшін пайдалана алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушысы атанған әскери қызметкер осылайша жеке баспанасына қол жеткізбек. Бұл жоба аясында пәтерді жаңа үйлерден де, қайталама нарықтан да сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Бір жылда 40 мың отбасы үйлі болған
Sputnik.kz: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің нақты қанша салымшысы бар және 2017 жылы банктеріңіз арқылы қанша несие берілді?
Жансұлтан Матаев: 2018 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша банкте 1 055 599 шот бар, ондағы салымдардың жалпы сомасы 520,2 миллиард теңгені құрайды. 2017 жылы 353 301 жаңа депозит ашылған.
Банк жұмыс істеп келе жатқан уақыт ішінде 170 725 қазақстандық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алған. 2017 жылы банктің 41 728 салымшысы пәтер, үй немесе жер телімін сатып алуға заем ресімдеді.