Спорт

Леффлер GGG -"Канело" жекпе-жегі туралы: осы жолы төрешінің қателігі болмайды

Головкин мен Канелоның күзде болған жекпе-жегінде төрешілердің бірінің шешімі дау тудырған еді
Sputnik

АСТАНА, 30 қаңтар — Sputnik. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер Сауль "Канело" Альваресқа қарсы реванш кездесудің нәтижесіне төрешілердің ықпалы әсер етпеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

Головкинге жанкүйерден кеңес: "Канело" қаша бермеу үшін кішірек ринг таңда"

Реванш кездесудің күні 29 қаңтарда (Астана уақытымен 30 қаңтарда) белгіленді, бұл туралы қос боксшы әлеуметтік желіде жазған болатын. Қарсыластардың бірінші жекпе-жегі 2017 жылдың қыркүйегінде болып, төрешілердің дауымен аяқталған еді: төрешілердің бірі Аделаида Берд жекпе-жектің қорытындысын 118:100 есебімен Альварестің пайдасына шешкен.

"Осы жолы ешқандай сұрақ туындамайтындай етуге тырысамыз, — дейді Леффлер Boxingscene.com сайтында. – Алғашқы жекпе-жектегі раундтардың бірінде Головкин таза жеңіске жетсе де, оны қарсыластың пайдасына жазған. Төрешілерге қатты қадалғым келмейді, дегенмен әділ шешім шығарылуы үшін екі жақ та төрешілерді таңдауға баса назар аудармақ.  Golden Boy промоутерлік компаниясымен бірге ең тәжрибелі әрі білікті төрешілерді тағайындауға тырысамыз. Өкінішке орай, төрешілердің шешімі бір-бірінен мүлдем алшақ болғанда, жекпе-жекке де, жалпы спортқа да зияны тиеді. Жұрт кездесуден кейін төрешілер шешімін емес, рингтегі болған жекпе-жекті талқылауы керек", — деп атап өтті ол.

Аllboxing.ru сайтына берген сұхбатында қазақстандық боксшы "Канело" екеуі арасындағы реванш кездесуді бүкіл әлем көргісі келетінін айтты.

"Бірінші кездесудегі төрешілер шешімімен келіскен жоқпын. Бұл жолы ешқандай күдік туындамайды. Мен рингтен орташа салмақтағы әлем чемпионы атанып кетемін", — дейді GGG.

Жекпе-жектің өтетін жері мен билеттердің сатылатын күні кейінірек жарияланбақ.