Оқиға

Шымкентте 8 жасар баланың үстіне бетон қоршау құлап кетті

Ауыр жарақат алған бала қазір ауруханада жатыр
Sputnik

АСТАНА, 26 қаңтар — Sputnik. Шымкентте сегіз жасар баланың үстіне бетон қоршау құлап кетті. Үйінің жанында ойнап жүрген Вячеслав Вислогузовты көрші балалар тауып алған, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Жеткіншектің ішкі құрылысының барлығы езіліп кеткен. Ауыр жарақат алған бала қазір ауруханада жатыр.

Оқиға түстен кейінгі үштің шамасында болған. Сабағынан келген оқушы тамағын ішіп, ойнауға шыққан. Жалғыз өзі үйдің жанындағы бетон дуалға шықпақшы болған кезінде үстіне құлап түскен. Баланың жан айқайын естіген көршілері дереу жедел жәрдем шақыртып, баланы ауруханаға жеткізген.

"Балам бір өлімнен аман қалды. Үйдің ауласында ойнап жүріп, үстіне бетон құлап кеткен. Жан сақтау бөлімінде қиналып жатты. Кейін ота жасады, баламның денсаулығы үшін алаңдаймын. Бұл жерде жалғыз менің балам ғана емес, жүздеген үйдің балалары ойнайды. Мұндай бетон құлай берсе, не болмақ? Мұндай сапасыз қоршау тұрғызғандар жазасын алсын деймін. Полиция бөліміне арыз жаздым", — дейді баланың әкесі Андрей Вислогузов.

Дәрігерлер Славаға екі сағат ота жасаған. Баланың бауыры, өкпесі яғни, барлық ішкі құрылысы ауыр салмақтан езіліп, аяғының сүйегі майдаланып кеткен. Хирургтар оның аяғына ота жасап, гипс салды. Бетонның астына қалып кеткен баланың жағдайын дәрігерлер жақсарды дейді. Бірақ, ұзақ уақыт ем-дом қажет.

Құлағалы тұрған бетон қоршаудың сол жағында медресе, ал оң жағында трансформатор бар. Екі мекеменің өкіліне хабарласқанда, апатты жағдайдағы қоршау оларға тиесілі емес екендігін анықтадық. Вячеславтың жақындары полицияға арызданған. Ал қоршаудың иесін Әл-Фараби аудандық әкімдігінің мамандары анықтап жатыр.