АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов сот қоғамға барынша ашық болуы керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халыққа ашық болу – Елбасымыздың талабы. Менің ойымша, біз өзіміздің проблемамызды, кемшіліктерімізді жасырмай жеткізе білсек, қоғам біздің қызметіміздің қыр-сырын жақсы білетін болады. Ал енді қоғам жұмысымыздың қыр-сырын білген сайын, судьяларға деген талап өседі. Бұл түбінде бізге нені береді? Қоғам білгеннен кейін, біздің әр қадамымыз, сөзіміз жұрттың бақылауына болады. Олардың бақылауында болғаннан кейін, әрбір судья, әрбір сот төрағасы жұмысын жақсартуға, кемшілігін жоюға ұмтылады", — дейді Асанов.
Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, өз елінің сотына сенбейтін жұрттың ұйқысы тыныш болмайды. Себебі кез келген азамат заңы үстемдік құрған елді өмір сүргісі келеді.
"Жалпы мемлекеттік билікте соттың алатын орны ерекше. Жұрт сотқа соңғы үмітін арқалап келеді, әділдік сұрайды, ал егер көңілі толмаса, ол сотқа емес, бүкіл мемлекеттік билікке өкпелейді. Себебі кез келген азамат заңды құрметтейтін қоғамда өмір сүргісі келеді. Сотына сенген ел өзінің келешегіне сенеді, балаларына алаңдамайды, мемлекетті сыйлайды, кәсібін уайымсыз жасайды, тәртіпке бас иеді. Ал инвесторлар "бұл елдің соты әділ" деп, сол елдің экономикасына қыруар қаржысын құяды. Елбасы бұл жөнінде бізге талай айтып жүр, соны есімізде ұстауымыз керек", — деді Асанов.