АСТАНА, 25 қаңтар — Sputnik. Ақтөбе облысында автобуста 52 адамның өртеніп кетуіне кінәлі үш жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау абақтысына жабылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
"Тергеу барысында автобустың жанып кетуіне жүргізушілердің автокөлік құралын пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуы себеп болғаны анықталды, автобус салонында дәнекерлейтін (паяльная) лампы пайдаланылған", — деп жазылған хабарламада.
2018 жылдың 24 қаңтарында Ақтөбе уақыты бойынша сағат 22:40-та ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 4-бөлігінде қарастырылған қылмысты жасады деген күдікпен автобустың барлық 3 жүргізушісі ұсталып, Ақтөбе қаласы ІІБ уақытша ұстау абақтысына орналастырылды.
Тергеп-тексеру барысы ҚР Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 18 қаңтарында Ақтөбе облысында жолаушылар автобусының өртенуі салдарынан 52 адам қаза болып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.