АСТАНА, 25 қаңтар — Sputnik. Осыдан екі ай бұрын сахнаға қайта оралдым деген Қайрат Түнтековке, шетелдік азулы продюсерлердің көзі түсіп жүрген көрінеді. Әншіні қанатының астына алмақ ниеттілердің қатарында, аты әйгілі ресейлік Максим Фадеев те бар. Бұл туралы НТК арнасындағы "Ревю" бағдарламасында айтылды.
Төрт жылдық үзілістен кейін үлкен камбэк жасауға белін бекем буған Қайрат Түнтеков бұл күндері діттегеніне жету үшін барын салуда. Жуырда ғана ән байқауының жеңімпазы атанған оған жан-жақтан толассыз ұсыныс жасап жатқандар жетерлік.
"Ұсыныстар түсіп жатыр, шетелден де, Ресейден де түсіп жатыр. Максим Фадеевтің продюсерлік орталығы, сол кісінің өзі де шақырту үстінде. Әрине, енді Қытайдан да ұсыныстар түсті. Көреміз енді қайда баратынымызды", — дейді Қайрат Түнтеков.
"Глюкоза" сынды ресейлік әншілерге танымалдылық сыйлаған Фадеев мырзамен жұмыс істеуім бек мүмкін деген Қайрат Түнтеков қазақстандық продюсерлермен ортақ іс атқаруға мүлде құлықсыз.
"Біраз продюсерлермен жұмыс істеп тастадым. Он төрт жылдың ішінде біраз нәрсені көрдік, үйрендік. Сондықтан, Қазақстанда өзіміз жүре береміз осылай жұмыс жасап", — дейді әнші.
Жеке продюсері болмаса да, дарын иесі бұл күндері талай істі тындырып тастаған жайы бар. Қатарынан бірнеше ән жазып, көктем шыға салысымен өзінің жеке кешін өткізбек ниетте.
"Үлкен шоу-концерт болады. Ол жерде мені басқа образда көресіздер. Концертты Еуропаның стандартымен істегім келіп отыр. Енді, әрине жанды дауыс ол бір, шоу ол екі", — дейді Түнтеков.
Бұдан бөлек, әнші жуық арада жаңа бейнебаянын таспалауды да ойластырып қойған.