Қоғам

Жоғарғы соттың 4 судьясы қызметтен босатылды

Парламент сенаты Жоғарғы соттың судьяларын мемлекет басшысының ұсынуымен қызметтен босатты
Sputnik

АСТАНА, 25 қаңтар — Sputnik. Жоғарғы соттың 4 судьясы қызметтен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін сенаттың жалпы отырысында Елбасының ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын қызметтен босату туралы мәселе қаралды.

Жақып Асанов Жоғарғы сот төрағасы болды

"Мемлекет басшысы сіздердің қарауыңызға Жоғарғы соттың төрт судьясын қызметтен босату туралы ұсыныс енгізеді. Оның үшеуі Өмірсерік Қожабаев, Рақымбек Мамырбаев, Дүйсен Тұмабеков зейнет жасына жетіп, отставкаға кетуге ниет білдірді. Сот жүйесінде еңбек еткен жылдары олар өздерін абыройлы, сауатты, тәжірибелі судья ретінде көрсетті. Бұдан бөлек өткен жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы сот судьясы Қалидолла Шауқаров қайтыс болды. Осыған орай мемлекет басшысының осы судьяларды қызметінен босату туралы ұсынысын қолдауды өтінемін", — деді отырыста Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин.

Сенат депутаттары президенттің Жоғарғы сот судьяларын қызметтен босату туралы ұсынысын қолдап дауыс берді.