АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Суық антициклон алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағынан ығыспай, республиканың көптеген облысында қатты аяз әлі сақталады, деп хабарлайды Қазгидромет.
Өткен тәуліктерде орталық, оңтүстік-шығыс және оңтүстік облыстарының кей жерлерінде ауа температурасы климаттық нормадан 3-8°С төмен, ал солтүстік пен шығыста 10-18°С, қиыр шығыста нормадан 20-23°C төмен болды.
Ал республиканың батыс облыстарында оңтүстік-батыс тропосфералық ағынның әсерінен Иран мен Қара теңіз аудандарынан жылы ауа ығысып, ауа температурасы нормадан 3-5°С жоғары болды.
25-27 қаңтарда батыс пен оңтүстікте кей жерлерде боран, екпіні 23-28 м/с жел соғады, осының ықпалынан 200-500 метрге дейінгі жер дұрыс көрінбейді.
Қазақстанның үш облысында қатты желге байланысты дабылды ескерту жарияланды. Қызылорда облысында 25-27 қаңтарда тәулік бойы шығыс, солтүстік-шығыс желі кей жерлерде 18-23, кей уақытта екпіні 30 м/с сақталады.
Ақтөбе облысында 24 қаңтарда күндіз, 25 қаңтарда тәулік бойы кей жерлерде оңтүстік-шығыстан соққан желдің күші 18-23, екпіні 30 м/с болады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 25-27 қаңтарда кей жерлерде солтүстік-шығыстан соққан желдің күші 18-23, екпіні 30 м/с болады деп болжанған.